Елордада ҚР Президенті Іс басқармасы мен оған қарасты кәсіпорындардың қызметкерлері дәстүрлі спартакиада аясында шағын футболдан шеберлік байқасты.
Медициналық орталық, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, Әкімшілік ғимараттар дирекциясы, Автошаруашылық, Инженерлік-техникалық орталық, «Бүркіт» авиакомпаниясы, «Бурабай-Даму» кәсіпорны, Қазқұрылысжүйесі, ҚР Президентінің Телерадиокешені және Іс Басқармасының орталық аппараты қызметкерлерінен құралған командалар бәсеке көрігін қыздырды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР ПІБ ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі Ербол Адаев сөз алып, дәстүрлі спартакиада ұжымдық бірліктің нығая түсуіне ықпал етіп келе жатқанын атап өтті, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысқа толы топтық кезеңде қарсыластарынан басым түскен Медорталық, ҚР Президенті Телерадиокешені, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы және былтырғы чемпион - Әкімшілік ғимараттар дирекциясы жыртылай финалға шықты.
Осы төрттіктің ішінен суырылып шыққан Медорталық пен Телерадиокешен бас бәйгеге таласып, нәтижесінде 1-0 есебімен алғашқысының бағы жанды.
Әкімшілік ғимараттар дирекциясы жүлделі үшінші орынға қол жеткізді.
Шеберлігімен көзге түскен жекелей ойыншылар да назардан тыс қалған жоқ. Әкімшілік ғимараттар дирекциясының ойыншысы Арыстан Ысқақов «Үздік шабуылшы» атанса, Телерадиокешен қызметкері Аян Омарқұлов «Үздік қорғаушы», Медорталық маманы Әскербек Сәдуақасов «Үздік қақпашы» деп танылды.