Қазақстан халқының Тілдері күніне орай ҚР Президентінің Іс басқармасында айтулы іс-шара өтті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс бекітілген мерекеде Іс басқармасы мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге арналған семинар-кеңес өткізді.
Алқалы жиынға Іс басқармасының қызметкерлері, ведомстволар мен ведомстволық қарасты ұйым басшыларының мемлекеттік тілді дамытуға жауапты орынбасарлары, бөлім басшылары, цифрландыру және IT мамандары қатысты.
Семинардың ашылу рәсімінде сөз алған Іс басқармасының ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі Ербол Дәненұлы Адаев Іс басқармасында мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір парасына қысқаша тоқталды.
– «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген даналық сөз бар. Ана тіліміз – асыл қазынамыз. Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында тиісті іс-шаралар жоспары жасалған, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту бойынша Іс басқармасының жүйесінде бірқатар жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, тілдерді дамыту саласында басшылықты жүзеге асыратын Тіл комитетімен де өзара тығыз байланыста жұмыс істейміз, - деген ол Іс басқармасына қарасты кәсіпорындардағы нақты жұмыстарды қысқаша баяндады.
Семинар-кеңеске А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан арнайы шақырылған болатын. Ғалым «Қазақ тілінің өткені, бүгіні мен болашағы» деген тақырыпта мазмұнды баяндама жасады.