
Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл! Зымырап өткен уақыт өзімен бірге соғыс куәгерлерін де алып бара жатқандай. Күннен күнге, жылдан жылға соғыс ардагерлерінің қатары да сиреп барады. Жеңіс күні – талай сұрапыл сындардан өтіп, кескілескен шайқастарда ерлікпен де, еңбекпен де жеңіске ұмтылған өр рухты, ер мінезді батырларымыздың армандары орындалған күн! Ата-бабаларымыздың қанымен, терімен келген Жеңіс – ең ұлы Жеңіс, қадірлі Жеңіс, киелі Жеңіс.
Жеңіс атты жазуды жарқырата жазуға үлес қосқан, сұрапыл соғыстың куәгері, кешегі ерлік пен өрліктің куәсіндей болған жауынгерлердің бірі – менің атам Дөлден Тәтібайұлы Ауғанбаев.
1918 жылы 10 қазан күні Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Өрел ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген атам 1938 жылы
11 қыркүйекте Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеп жүрген кезде аяқ асты соғыс басталады. Ол кезде атам
22 жастағы жігіт еді. Атам Украинаның Житомир қаласының түбінде орналасқан отрядпен Отанын қорғауға аттанады. Украинаның Омск, Курск, Житомир, Киев, Полтава елді мекендерін жау қолынан азат етіп, Германияның Магдебург, Гамбург қалаларына дейін барып, жеңіс күнін жақындатқан екен.
Атам Оңтүстік Батыс майданда болды. Атамның айтуы бойынша қуатты қатты зеңбіректі екі жауынгер меңгереді екен. Олардың бірі – көздеуші де, екіншісі – оқтаушы. Онымен 20 км-ден астам қашықтықтағы жабық нысаналар атқыланады. Бір снарядтың салмағы 60 кг-ға жуық. Зеңбірекпен жаудың қаншама күшін тас-талқан еткен екен. Бірде атам қатты жараланып, жау қолына тұтқынға түседі. Қашуға бел буған атамды қайтадан ұстап алып, иттерге талатып, қатты қинаған екен. Львов қаласының маңында атам екінші рет қашуға бел буады. Қашқан тұтқындарды шетінен ата бастайды. Басына тиген снаряд жарықшасы сол көзін көруден қалдырады. Есінен танып қалған атам оянғанда қаптаған өліктер арасында жатқанын байқайды. Тоғай өсімдіктерін шалшық етіп нілін сорып, аштан-аш 7 күн тентіреп, ақыры Ворошилоградовтың госпиталына жетеді. Сонда ұзақ жатып, ем қабылдайды. Кейін атамның сырқаты сыр беріп, ақыры сексенінші жылдардың аяғында бір көзін алдыртуға тура келеді.
ІІ-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен марапатталған атам соғысты Германияның Магдебург қаласында аяқтайды. Туған жері Өрел ауылына 1946 жылы оралады. Соғыстан кейін атам жергілікті жердегі шаруашылықта көп жыл малшы болып еңбек етті. Адал еңбегінің жемісі ретінде бірнеше марапаттарға, сыйлықтарға ие болды. Жолдасы 1925 жылы 13 наурызда дүниеге келген «Алтын алқа» иегері, тыл еңбеккері әжем Қамила Өмірзаққызы Ұлтарақовамен 1947 жылы шаңырақ көтереді. 68 жыл бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешкен атам 12 бала тәрбиелеп, ер жеткізді.
Атам өте қарапайым жан еді. Ұрлықпен жаны қас. Үнемі «Біреудің ала жібін аттама, балам, адал бол!» дегенді көп айтатын. Алыс жол, ұзақ сапарға шығарып салып тұрғанда да, қайда жүрсең де қанағатшыл бол, балам. Өз еліңе адал қызмет ет. Еліңді, жеріңді сүй» деп отыратын.
Атам 2015 жылдың күзінде 97 жастан асқанда, ал әжем 2018 жылы 93 жастан асқанда дүниеден өтеді. Жеңіс атты қуанышты жарқырата жазуға үлес қосқан жауынгер атам мен әжемді мақтан етіп, оларға басымды иемін.
Ауыр күндердегі адал еңбектері мен белсенді азаматтық ұстанымдарының арқасында Тәуелсіз елде бақытты ғұмыр кешіп, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз үшін ардагерлерге мың тағзым! Жеңістің туы мәңгі желбіресін! Жеңіс тойы мәңгі жасасын!
Немересі Қарлығаш Ауғонбаева,
Баспа-полиграфиялық орталығының
2-санатты редакторы