
Өмірбаян
Рысмагамбетов Сағындық 1918 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданына қарасты Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Ашаршылықтан күйзелген жұрттың жағдайын түзетуге бет алынған шақ еді.
Құтты өзен айналайын – Нұра атыңнан,
Күркірей көк толқыны – көкке атылған.
Ақ төсін аймалаған анасындай,
Мың-мың мал су ішуге шұбатылған-
-деп жырлағанындай, топырағы құнарлы, суы мол, жазық далалы болып келетін аймақ ертеде түлік түрлерін мыңғыртуға қолайлы болса, бертінде егін шаруашылығын қалыптастырып дамыту бағытына бұрылды.
Ол әкесінен ерте айырылып, анасы мен қарындасымен қалған, 7 жылдық мектепті бітірген соң, алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған, әр саланы игеріп, домбыра шертіп, ән айтып белсенді болған. Соғысқа дейінгі жылдары талайды өнерімен тәнті еткен.
Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, елін, жерін қорғауда үлкен ерлік көрсеткен ардагер жауынгер болды. 1941–1945 жылдар аралығында Қызыл Армия құрамында 208-атқыштар полкі, 18-атқыштар дивизиясында әскери қызмет атқарған.
Соғыс… Қандай қатыгез сөз. Бар болғаны бес әріптен құралған. Ал мағынасы жан түршіктірер. Шыны керек, осы бар болғаны бес әріп миллиондаған адамның жанын қиды, көптеген адамдар мүгедек болып қалды. Қатыгез соғыс бір мың тоғыз жүз қырық бірінші жылы басталып, бір мың тоғыз жүз қырық бесінші жылы аяқталды. Осы төрт жыл бойы қаншама адамның өмірі қиылып, қалалар қирады. Соғыс жылдары неміс басқыншыларына қарсы күресте жанқиярлықпен шайқасты. Миллиондаған адамдар төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарыла күтті. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Кеңес халқы жан-тәнімен Отанын қорғады. Әрбір ауыл, әрбір қала үшін кескілескен ұрыс болды. Қанішер фашист басқыншыларымен Кеңес азаматтары аянбай шайқасты. Ақыры олардың үміті мен сенімі ақталып армандары орындалды. Бірақ ол Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. 1943 жылы ұрыста көзіне оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Осы жарақат салдарынан Ленинград қаласындағы әскери госпитальда ем қабылдайды. Ерлігі мен батырлығы үшін Рысмагамбетов Сағындық бірнеше медальдармен марапатталған. Атап айтқанда, «Германияны жеңгені үшін» медалі және соғыс жеңісінің мерейтойына арналған басқа да медальдар иегері. Соғыс аяқталғаннан кейін елге оралып, бейбіт өмірге араласты. Өзінің туған жері – Ақтөбе ауылында еңбек етті. Отбасын құрып, 11 балалы болды. Ол 1976 жылы 7 қарашада өмірден озды. Рысмагамбетов Сағындық – ерлігі ел есінде сақталған, ұрпаққа үлгі боларлық жауынгер.
Автор: Мендыбаева Жумабике Сагандыковна