








Ұлы Жеңіске биыл 80 жыл. Бұл — азаттық пен еркіндікті аңсаған сан ұрпақтың арманы орындалған қасиетті күн. Осы Ұлы Жеңістің әрбір парағы мыңдаған ерлердің жанкешті ерлігімен, төгілген қаны мен көз жасымен жазылған. Сондай қаһарман ұлдардың бірі, мен үшін ең қымбат жан – менің әкем, Ерімбетов Айндин.
Әкем 1922 жылы 18 наурызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Тартоғай ауылында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекқорлық пен адалдықты бойына сіңіріп өсті. Әкемнің әкесі – Ерімбет қажы, өз дәуірінің білімді, діндар азаматы, Қарнақ медресесінде оқып, ел ішінде сыйлы тұлға болған. Анасы Манар апамыз арғын руынан тараған, ән мен айтыс өнерінде аты шыққан өнерпаз екен. Осындай ұлт руханиятына жақын, өнегелі отбасында өскен әкем ерте жастан адалдықты, еңбекқорлықты ту етіп, үлкен өмірге қадам басқан.
1942 жылдың қақаған қаңтарында әкем небәрі 20 жасында майдан даласына аттанады. Ол 23 ақпанда 114-ші ерекше әуе атқыштар бригадасында әскери ант қабылдап, майдан өміріне араласады. Соғыстың ең қызу ошақтарында — Батыс майданында, 1-ші Прибалтика майданында және 3-ші Беларусь майданында жаумен шайқасады. Әуе атқышы ретінде аспандағы әрбір шайқас - өмір мен өлімнің арасында өткен қауіпті сәттер еді. Бірақ әкем ешқашан тайсалмаған.
Әкем қатысқан Ржев түбіндегі қанды шайқас тарихта ең ауыр ұрыстардың бірі ретінде қалған. Сол ұрыста ауыр жараланып, Иваново қаласындағы әскери госпитальда емделеді. Бірақ жарақаты оның рухын сындыра алмаған. Отан үшін от кешіп, жаудың бетін қайтару — әкем үшін қасиетті парыз болатын.
Ол Витебск, Полоцк, Шауляй, Рига, Шығыс Пруссия, Невель және Кёнигсберг қалаларын азат ету ұрыстарына қатысып, бірнеше рет жау шебінен "тіл" алып қайтқан ержүрек сарбаз болған. Осы ерліктері үшін Жоғарғы бас қолбасшы Иосиф Сталиннің Алғыс хатына ие болады. Сонымен қатар көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды: "Соғыста көрсеткен ерлігі үшін" медалі, "Кёнигсбергті азат еткені үшін" медалі, "Германияны жеңгені үшін" медалі және Ұлы Жеңістің мерейтойлық ордендері мен медальдары.
Соғыстан аман-есен оралған әкем туған ауылында жаңа өмір бастады. Тартоғай совхозында есепші, бас есепші, кадр бөлімінің меңгерушісі секілді жауапты қызметтерді атқарды. Ол кісі әр ісіне аса мұқият, әділетті, еңбекте адал, айналасына сыйлы болды. Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын факультетте білімін жалғастырып, өмір бойы өзін жетілдіріп отырды.
Әкемнің өмірлік ұстанымы – адал еңбек пен қарапайымдық еді. Әкем әрдайым: - «Адал еңбектің жемісі тәтті, адам баласы азға қанағат ете білсе, бақытты болады», – деп айтып отыратын. Соғыстан кейінгі ауыр жылдардың қиындығын көзімен көрген әкем ешқашан мойымаған, ешкімге өкпе артпаған. Ол — шыдамдылық пен сабырлықтың, төзімділік пен парасаттылықтың жарқын үлгісі еді.
Отбасында бес баланы тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бәріне білім мен тәрбиені аманат етті. Бүгінде әкеміздің ұрпақтары оның адал аты мен асыл қасиеттерін мақтанышпен еске алады.
Әкем 1991 жылдың 5 ақпанында бақилыққа аттанды. Артында өшпес өнеге, адал өмір жолы қалды. Әкеміздің есімі біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады.
Оның ерлігі — ұрпаққа ұран, тағылымы — мәңгілік мұра.
Автор: қызы- Ерімбетова Саулеш Айндинқызы
2 корпус