



Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанымен ол көңілден кетіп, жүректен өшпек емес.
Жер әлемді сілкінткен соғыс өртінің жеңіспен тұншықтырылғанына да биыл 80 жыл толып отыр. Оған жету үшін қаншама халық жан алып, жан беріскен шайқастарға толы ұзақ та ауыр жолдан өтті. Бірі асыл әкеден, бірі жан ағадан, ал енді бірі туған бауырдан айырылса, тыл өңірінде де талай азап пен қиыншылықты бастан кешкендерін қалай ұмытармыз.
Ата бабаларымыздың қанымен келген Жеңіс ешқашан ұмытылмақ емес. Зарықтырып, сағынтып жеткен ол Жеңісті жақындата түскен майданның алдыңғы шебінде от пен оқтың ортасында болған менің майдангер аталарым Алғожа Дәулетбайұлы, Қайдар Алғожаұлы, Қайсар Алғожаұлы және нағашы атам Дөлден Тәтібайұлы Ауғанбаев.
Алғожа Дәулетбайұлы атам он саусағынан өнер тамған шебер әрі саяткер аңшы болған. Балалары – Қайдар, Қайсар, Төлеген, Қуандық. Алғашқы екі ұлы Қайдар мен Қайсар аталарым майданға аттанып, еш хабарсыз кетіп, майданнан оралмайды. Қайдар атамның жолдасы Зағипа Абдрахманқызы балаларын ер жеткізіп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырады. Соғыстың ауыр күндерін көріп, елдің ауыртпалығын бірге көтеріскен әз әжеміз 92 жасында дүниеден өтеді.
Ал нағашы атам Дөлден Ауғанбаев 1918 жылы 10 қазан күні ШҚО Катонқарағай ауданы Өрел ауылында дүниеге келген. Украинаның Омск, Курск, Житомир, Киев, Полтава жерлерін жау қолынан азат етіп, Германияның Гамбург қаласына дейін барған екен. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері атанған атам 1946 жылы елге оралады. Елге қызмет етіп, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталады. Нағашы атам 2015 жылдың күзінде 97 жасында дүниеден өтеді.
Аталарымның майдан даласында көрсеткен ерен ерлігі мен табандылығы үшін біздер – ұрпақтары бас иеміз. Біздердің жарқын болашағымыз үшін жасаған ерліктерін мәңгілікке есте сақтап, жадымызда ұстаймыз. Мен үшін аталарымның өмірі – өнеге. Ерліктің де, еңбектің де, елдіктің де ерен үлгісі бола білген жандар. Қанша жылдар өтсе де, Жеңіс атты жазуды жарқырата жазуға үлес қосқан әрбір батырларымыз тарих төрінен орын алады және біз, ұрпақтары мәңгі Жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін от кешкендерді әрдайым жүрек түкпірімізде ұстаймыз. Жер бетінде тыныштық болсын! Береке болсын деп тілейміз. Ендігі таңда соғыс атаулы тәнімізге де, жанымызға да жара салмасыншы.
Ия, мен оқ пен оттың ортасында болған, бізге бейбіт күн сыйлаған батырлардың ұрпағымын. Дәл осы сөзді айтқанда кеудемді мақтаныш сезімі кернейді, аса үлкен жауапкершілікті сезінемін. Біз батырлардың жалғасымыз. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей біздің тәуелсіз еліміз үшін білімді, дарынды, ата-бабамыздай жігерлі ұрпақтың орны бөлек. Ел ертеңі, болашақ – жастардың қолында. Сол үміт артқан жастардың бірі – менмін. Мен оны жақсы түсінемін. Сондықтан да қазірден бастап білімге ұмтылып, болашақта еліме қызмет еткім келеді. Ағылшын және орыс тілдеріне де көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Өйткені бірнеше тіл білу шексіз мүмкіндіктер ашады емес пе?! Біздің жан-жақты, білімді болуымыз үшін мемлекет те барлық жағдайды жасап отыр. Абай атамыз да қазақ жастарын әр нәрсеге қызықпай, білімді болуға үндеген. Мен де майдангер аталарым сияқты намыспен жігерленген азамат болып, біліммен қаруланған жастардың бірі болғым келеді. Ел ертеңін ойлар саналы азамат болып қалыптасып, өз күшімді, білімімді елімнің көркеюіне жұмсағым келеді. Өйткені мен өз елімнің патриотымын.
Автор: Ерболат Ақылұлы Алимбай
№32 мектеп-гимназияның
9 «Қ» сынып оқушысы
(Анасы – Аугонбаева Қарлығаш Әбділдәқызы, БПО-ның 2-санатты редакторы)