1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай "ҚР ПІБ "ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы" ШЖҚ РМК көпбалалы отбасылардан шыққан жұмыскерлердің балаларына арналған дәстүрлі мерекелік іс-шара өткізді.
Көпбалалы отбасыларды қолдау кәсіпорынның жыл сайынғы игі дәстүрлерінің бірі болып табылады. Биыл мерекелік шараға 7-12 жас аралығындағы 50 бала қатысты.
Іс-шара Президенттік орталықта ұйымдастырылып, балалар үшін алты аниматордың қатысуымен қызықты ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Балалар түрлі ойындар мен байқауларға қатысып, интерактивті бағдарламаларды тамашалады. Әсіресе, әсерлі крио-шоу бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады.
Ойын-сауық бағдарламасынан кейін қатысушыларға мерекелік дастарқан жайылды. Іс-шара соңында әр балаға «Абди» дүкендер желісінен тауарлар сатып алуға арналған сыйлық сертификаттары табыс етілді.
Мұндай іс-шаралар кәсіпорын қызметкерлерін әлеуметтік қолдауды нығайтып қана қоймай, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың жадында ұмытылмас әсер қалдырады.